Жаңалықтар

Алматыда пәтер қанға боялды: не болған?

Алматыда жалға берілген пәтерін тексеруге келген үй иесі ішкі көріністен шошыған. Үй ішінде төңкерілген жиһаз, сынған ыдыс-аяқ, қабырға мен еденге сіңген қан іздері болған. Оқиғаға қатысты тексеріс жүргізген полиция мән-жайды түсіндірді.

Не болған?

Әлеуметтік желілерде аталған пәтердің видеосы тарады. Кадрлардан үй ішінде қақтығыс болғандай әсер қалдырады: жиһаздар астан-кестең, қабырғада, еденде және есіктерде қан іздері анық көрінеді.

Полицияның түсіндірмесі

Алматы қалалық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, пәтерде ауыр немесе аса ауыр қылмыс тіркелмеген.

Ведомствоның хабарлауынша, оқиға Бостандық ауданы аумағындағы пәтерлердің бірінде болған. Үйде екі апалы-сіңлі қыз отырған. Сынған шыны бөтелкені абайсыз ұстау салдарынан олардың бірінің аяғы кесіліп, қан көп кеткен. Пәтердегі қан іздерінің мол болуы осы жарақатпен байланысты.

Сондай-ақ полиция өкілдері оқиғаға қатысқандармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.