Қақаған аязда 45 жылқы тиеген жүк көлігі жолда қалды
Арқалықтан Астанаға бет алған ауыр жүк көлігі қатты аязға байланысты жабылған жол учаскесінде тоқтап қалды. Көлік 45 бас жылқыны тасымалдап келе жатқан, деп хабарлайды newsroom.kz Төтенше жағдайлар министрлігі-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жолда жүк көлігінің жанармай сүзгісі қатып, қозғалысын жалғастыра алмаған.
«Жүк көлігінің тіркемесінде 45 бас жылқы болған. Қостанай облысы Арқалық қаласының құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, қажетті техникалық көмек көрсетті және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етті. Нәтижесінде жағдай тұрақтандырылып, көлікке де, тасымалданып жатқан жануарларға да қауіп төнген жоқ», — деп мәлімдеді министрлік.
Жүргізушінің айтуынша, құтқарушылар көлікті жөндеуге қажетті жабдықтармен қатар жылқыларға жем-шөп те әкелген.
Төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райында алыс жолға шығар алдында автожолдардың жай-күйі туралы ресми ақпаратты алдын ала нақтылап, көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеруге кеңес береді.