Телефонмен сөйлескен жүргізушіге 243 мың теңге айыппұл: Нидерланды қатаң шараға көшті
Нидерландыда рөлде отырып телефон қолданғандарға салынатын айыппұл өсті
Нидерланды билігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін арттырды. Bild басылымының жазуынша, 2026 жылдың басынан бастап рөлде отырып, hands-free гарнитурасыз телефонмен сөйлескен жүргізушілерге 440 еуро айыппұл салынады. Бұл шамамен 243 мың теңгеге тең.
Жаңа талаптар басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты күшейтіледі. Атап айтқанда, жылдамдықты сағатына 5 шақырымға арттырғаны үшін 46 еуро, ал 20 шақырымға асырғаны үшін 229 еуро айыппұл қарастырылған. Қызыл жарыққа өту 320 еуроға түседі.
Сонымен қатар, көлікті дұрыс қоймағаны үшін айыппұл 130 еуродан басталады. Мүгедектерге арналған тұраққа заңсыз тоқтаған жүргізушілер 400 еуро төлейді. Оң жақтан басып озу немесе көліктер арасындағы арақашықтықты сақтамау үшін 380 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Билік бұл шаралар жолдағы қауіпсіздікті арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталғанын атап өтті. Дегенмен, жаңа ережелер қоғамда қызу талқылауға ұласып, жүргізушілер тарапынан сынға ұшырап отыр.