Жаңалықтар

Зейнетақы жинағынан тіс пен көз емдеуге қаражат алуға шектеу қойылды

Зейнетақы жинағынан артық қаражат алу үшін есепшоттағы сома ең төменгі жеткілікті шектен (ТЖШ) асуы тиіс. Бұл – негізгі талап.

Ең төменгі жеткілікті шек (ТЖШ) дегеніміз – азаматтың болашақта алатын айлық зейнетақысы ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы үшін зейнетақы қорында жинақталуы қажет қаражат көлемі.

ТЖШ мөлшері бірнеше факторға байланысты есептеледі. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы көлемі, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер және инвестициялық кірістер ескеріледі.

«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес:

  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
  • зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;
  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.

2026 жылы ең төменгі жеткілікті шек 10 пайызға өседі. Жас санаттары бойынша ТЖШ мөлшері мынадай:

  • 20 жас – 3 720 000 теңге;
  • 30 жас – 5 120 000 теңге;
  • 40 жас – 6 720 000 теңге;
  • 50 жас – 8 570 000 теңге;
  • 60–62 жас – 10 700 000 теңгеден жоғары.

Сарапшылардың пікірінше, ТЖШ-ның өсуі тұрғын үй нарығына әсер етуі мүмкін. Себебі соңғы жылдары зейнетақы жинағынан қаражат алу жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына ықпал еткен.

2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және медициналық ем алуға пайдалануға рұқсат етілген. Алайда соңғы айларда стоматология және офтальмология қызметтеріне зейнетақы қаражатын пайдалану шектелді.

Бұл шешімге жалған медициналық құжаттар арқылы 200 млрд теңгеден астам қаражаттың жұмсалуы себеп болған.