Жаңалықтар

Асанәлі Әшімов қайтыс болды

Қаралы хабарды ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желіде жазды.

«Ақ туың жығылды ғой, Алашым-оу!» — деп жазды Маралтай Райымбекұлы.

Асанәлі Әшімов — кеңестік және қазақстандық театр мен кино өнерінің алып тұлғасы. Ол актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік әрі педагогикалық қызметімен де ұлттық мәдениетте өшпес із қалдырды. Өнер саңлағы 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген.

Асанәлі Әшімовтің шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының өркендеуіне тікелей әсер етті. Ол сахнада да, экранда да терең психологияға құрылған, сан қырлы бейнелерді сомдап, көрерменнің зор ықыласына бөленді. Әшімов қалыптастырған актерлік мектеп шынайылыққа, ішкі жан дүниені дәл ашуға негізделгенімен ерекшеленеді. Сонымен қатар режиссер ретінде де өз қолтаңбасын айқындап, өнерге тың серпін әкелді.

Ұстаздық жолда да сүбелі еңбек сіңірген ол — театр педагогы, профессор. Жас актерлерге өнердің қыр-сырын үйретіп, ұлттық актерлік дәстүрдің жалғасуына үлкен үлес қосты.

Өнердегі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды: 1976 жылы «Қазақ КСР халық әртісі», 1980 жылы «КСРО халық әртісі» атақтарына ие болды. Сондай-ақ Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты атанды. 2017 жылы елдің ең жоғары марапаттарының бірі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы тапсырылды.