«Бишара сияқты»: халық оң жағалаудағы шыршаны сынға алды
Астана қаласының оң жағалауында орналасқан аудандардың тұрғындары жаңа жыл қарсаңындағы безендіру сапасына қатысты наразылық білдірді.
Әлеуметтік желіде тараған жазбада қала тұрғындарының бірі оң және сол жағалаудағы мерекелік атмосфераның айырмашылығына көңілі толмайтынын ашық жеткізген.
Автордың айтуынша, сол жағалаудағы жаңа жылдық шыршалар мен көшелер заман талабына сай әсем безендірілген, ал оң жағалауда, әсіресе әкімдік маңында орнатылған шыршаның көрінісі көңіл көншітпейді.
«Неге сол жағалауда бәрі әдемі, ал біз тұратын ауданда безендіру өте әлсіз? Біз бұл ауданда 90-жылдардан бері тұрамыз, балалық шағымыз осы жерде өтті. Ал бұл – қалай болғанда да қаланың жүрегі», – деп жазды тұрғын.
Жазбада тұрғындар өз аудандарының назардан тыс қалып отырғанын айтып, қала билігінен әділ әрі тең көзқарас күтетінін жеткізген. Олардың пікірінше, мерекелік безендіру тек бір бөлікте ғана емес, бүкіл қала бойынша бірдей деңгейде болуы тиіс.
Айта кетейік, жыл сайын Астана қаласының әр ауданында жаңа жылдық шыршалар орнатылып, көшелер безендіріледі. Алайда бұл жолы оң жағалаудағы көрініс тұрғындардың көңілінен шықпай, қоғамдық талқылауға себеп болды.