«Етектен тартпаңыздар»: Дариға Бадықова халыққа ренішін айтты
Танымал актриса Дариға Бадықова ел арасында күзетпен жүргеніне қатысты тараған әңгімеге нүкте қоюды сұрады.
Актриса бұл жағдайдың өз еркінен тыс болғанын атап өтті. Оның сөзінше, күзет – барған мейрамхананың ішкі тәртібі аясында ұсынылған.
«“Күзет сенің не теңің?” деп жерден алып, жерге салдыңыздар. Сол видео таралып кеткені сонша, үтікті қоссақ та алдымыздан шығады. Бұл – ресторан бекітіп берген күзет, біздің еш қатысымыз жоқ. Ақталды демеңіздер. Бір жағынан, басқа ұлттың баласындай күзетпен жүргенге не жетсін. Бірақ соған жетейік деп жақсы сөз айтқан бір қазақ табылмады», – дейді ол.
Сондай-ақ актриса жұртшылықты бір-бірін төмен тартпауға шақырды.
«Құрметті көрермен, бастаған ісіміз алға бассын десек, “сендер сондайсыңдар, сендер бұндайсыңдар” деп етектен тартпайық. Біз көпұлтты мемлекетпіз, қазақтың өзі аз. Өзгенің алдында бір-бірімізді табалап, жағадан алмайық. Енді ғана еңсемізді көтеріп келе жатқанда, сағымызды суға кетірмейік. Қай салада болсын біреу өссе, оны төмен тартуға құмар болмауымыз керек. Біз – рухы биік, текті ұрпақтың ұл-қызымыз», – деп жазды актриса.