Елорда

Сенбі кешіндегі «бос аралық»: «Аватардың» қазақша сеансы неге жоқ?

Астанада демалыс күнінің кешкі уақыты — кинотеатрлар үшін ең қызу кезең. Алайда дәл осы уақытта қазақ тіліндегі сеанстардың жоқтығы көрерменнің наразылығын тудырып отыр.

Сенбі күні жұмыс күні сағат 20:00-де аяқталатын қала тұрғындары 20:30–21:00 аралығында киноға баруды жоспарлаған. Таңдау — Аватар: От пен күл фильмінің қазақша нұсқасы. Алайда kino.kz афишасынан белгілі болғандай, 19:00 бен 22:00 аралығында бірде-бір қазақ тіліндегі сеанс қарастырылмаған.

Үш сағаттық «бос кеңістік»

Фильмнің ұзақтығы шамамен 3 сағат екенін ескерсек, дәл осы уақыт аралығы — көрермен үшін ең қолайлы кезең. Соған қарамастан, қазақша нұсқа тек ерте немесе түнгі уақытқа ығысқан.

Ал орыс тіліндегі нұсқада жағдай мүлде басқаша: сеанстар әр 10–15 минут сайын ашылған. 
 

Көрермен бар, сеанс жоқ

Бұл жағдай әсіресе сол жағалауда жұмыс істейтіндер үшін өзекті. Түнгі 22:00-ден кейінгі сеансқа қаланың екінші шетіне бару көпшілікке қолайсыз.

Соған қарамастан, негізгі кинотеатр желілерінде — Kinopark, Chaplin Cinemas, Арман Asia Park — қазақша нұсқаға дәл осы «алтын уақытта» орын табылмаған.

Кинотеатрлар қазақ тіліндегі контентті «формалды түрде» көрсетіп, бірақ көрерменге ыңғайсыз уақытқа ығыстырып отыр деген сын жиілеп келеді.

Қазақша сеанс ашу — тек заң талаптарын орындау емес, нақты аудиториямен санасу.