Жаңалықтар

Павлодар облысында педофил 20 жылға сотталды

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты кәмелетке толмағанға қатысты қылмыс жасаған ер адамға үкім шығарды. Сот айыпталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен толық дәлелденгенін мәлімдеді.

Соттың хабарлауынша, ер адам кәмелетке толмаған баланы оның дәрменсіз күйін пайдаланып зорлағаны үшін кінәлі деп танылды. Қылмыс аса ауыр санатқа жатады және заң бойынша 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге қамау жазасын қарастырады.

Сот үкімімен сотталған адамға болашақта педагогикалық қызмет атқаруға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, биыл жазда Павлодар қаласында тағы бір педофил кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.