"Кредиттері бар бәрінің": Шымкентте тойдан қағылған тойхана иелері шу шығарды
"Кредиттері бар бәрінің": Шымкентте тойдан қағылған тойхана иелері шу шығарды
Шымкентте тойдан қағылған тойхана иелері қала әкімдігінің алында жиналып, наразылықтарын білдірді. Рестораторлар, аспаздар, асабалар мен музыканттар шаһарда тойхананың ашылуын талап етуде, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Әкімдік алдына жиналғандар карантиннің тым созылып кеткенін айтады.
Талабын айта келгендер арасында кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар асабалар мен аспаздар, әншілер мен бишілер бар. Жиналғандардың айтуынша, екі жарым айға созылған карантин табыстарынан айырған.
"Бәрі тойханамен байланысты ғой... Тамадаң да, әншің де, видео камералар да..қанша жұмыстағы қыздарымыз жылайды, кредиттері бар бәрінің. Бізге хотя бы 100-150 адамға дейін тойхананы ашып берсе, кішкене жұмыс жүрсе қарапайым халық жұмысын жасап, бала-шағасын бақса дейміз", – деп шамданды тойхана әкімшісі Шәрипа Нұрбекова. Тойханалардың ашылуын талап еткен аспаз Сандуғаш Темірбаеваның сөзінше, бәрі күн-көрістің қамы. "Біздің тойханада үш жүздей адам істейді официанттарымен қосқанда.
Небір студенттеріміз жүр, квартирада тұрады. Мен аспаз болып жұмыс істеймін. Енді ашылсын деймін. Күнімізді көруіміз керек шығар, біз де бірдеңе ішіп-жеуіміз керек шығар. Жоқ біз саусағымызды сорып өмір сүрмейтін шығармыз",– дейді аспаз.
1 маусымнан бастап Шымкентте кейбір мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын бастады. Алайда, 50 адамға дейін деген шектеу бар. Ал тойханалар рұқсат етілген мекемелер тізіміне енбеген. Жергілікті рестораторлар осыған наразы. Тойхана иелерінің айтуынша, тым құрығанда жүз адамдық тойға рұқсат берген жөн.
Рестораторлардың наразылығына қатысты пікір білдірген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, күнделікті ауру жұқтыру көрсеткіші 7 пайыздан аспайтын жағдай болып тұрақтанса, ондай тойханаларға да болашақта рұқсат беріледі. "Бірақ әлі жағдай тұрақтанбай жатыр. Тойханаладың иелері әзірше тоймен емес, кафе-ресторан ретінде жұмыс істеуге құқығы бар толық",– дейді Мақсұт Исахов. Шымқалада той жылына төрт мезгіл үзіліссіз жүреді. Тапсырыс бірнеше ай бұрын беріледі.
"Реализацияға 3 млн-ға товар алғам. Ол кредит емес. Ол күтпейді сіздер сияқты рассрочка. Бұл кісілерге жеңілдік бердіңіздер, бізге ше?.. Біз не істейміз?..Біздің арендамыз бар, осы айдың 15-не төлеңдер деп тұр. Басымызда 200 мың арендамыз бар. Оны қалай төлейміз?",– дейді жеке кәсіпкер Марал Жұмакелді.
Ал әкімдіктегілер тойханалардың арыз-талабын осы аптада қарастырмақ. Арнайы құрылатын штаб отырысы алдағы сәрсенбіге белгіленді. Тойханалардың талабы қабылданатын болса, онда шымкенттіктер күндізгі 3-тен кешкі 9-ға дейін той өткізе алуы мүмкін.