«Қайрат» әлемнің үздік 500 футбол клубының қатарына енді
Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS) соңғы 12 айдағы нәтижелер негізінде әлемнің ең үздік 500 футбол клубының жаңартылған рейтингін жариялады.
Тізімге Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасындағы командалар енген. Бағалау кезінде ұлттық чемпионаттардағы, ел кубоктарындағы және халықаралық турнирлердегі көрсеткіштер ескерілген.
Алматылық Қайрат рейтингте 240-орынға жайғасып, 90,75 ұпай жинады. Осылайша «Қайрат» аталған тізімге енген Қазақстандағы жалғыз клуб атанды. Былтыр команда 234-орында тұрғанымен, биыл да әлемнің мықты ұжымдарының қатарында қалды. Айта кетейік, осы маусымда «Қайрат» өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінде өнер көрсетіп жатыр.
Рейтингтің көшін Пари Сен-Жермен бастаса, одан кейін Реал Мадрид пен Челси орналасты. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Интер, Бавария, Барселона, Арсенал, Фламенго және Боруссия Дортмунд кірді.