Әлем

Жасөспірім оқушыны өлтіріп, селфи жасаған

Қайғылы жағдай Ресейдің Мәскеу облысындағы Горки-2 кентінде орналасқан элиталық мектепте болды. 9-сынып оқушысы Тимофей пышақпен шабуыл жасап, үш адамды жаралаған. Соның салдарынан 4-сыныпта оқитын бір бала көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім шабуылға бірнеше күн бойы дайындалған. Ол «Менің ашуым» атты 11 беттен тұратын манифест жазып, оны сыныптастарына жіберген. Мәтінде қоғамға деген өшпенділік білдіріп, адамдарды ұлт пен дінге бөліп сипаттаған. Бұл туралы Mash Telegram-арнасы хабарлады.

Ал Осторожно, новости мәліметінше, Тимофей бір баланы кепілге ұстап, шабуылды видеоға түсірген әрі құрбанның фонында селфи жасаған. Сондай-ақ ол күзетшіге бұрышты газ шашқан.

Күдіктінің жанынан қолдан жасалған жарылғыш құрылғы мен террористік символикасы бар бронежилет табылған. Қазіргі уақытта мектеп ғимараты жарылғыш заттардың бар-жоғына тексеріліп жатыр.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары қылмыстың себептерін анықтауда.