Жаңалықтар

Украина шабуылы КҚК-ға 14 млрд теңгеге жуық шығын әкелуі мүмкін

Алдын ала бағалау бойынша, Каспий құбыр консорциумы нысандарына жасалған шабуыл салдарынан тікелей және жанама шығын көлемі 14 млрд теңгеге дейін жетуі ықтимал. Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Оның айтуынша, өтемақының нақты мөлшері жыл соңына қарай анықталады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы naryk.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен бірге Ақкенженов төрт миллион тонна мұнай жоғалды деген ақпаратты жоққа шығарды. Оқиға жылдық жоспарлы көрсеткіштерге айтарлықтай әсер етпеген. Дегенмен шабуылдан кейін Қазақстан мұнай өндіру көлемін уақытша 480 мың тоннаға дейін қысқартуға мәжбүр болған.

«ВПУ-2 құрылымында 2,5–3 метрге дейін жететін үлкен тесік анықталды. Ол осы нысанға бағытталған жарылыстың салдарынан пайда болған. Қазіргі уақытта сүңгуірлер ВПУ-дың қалқымалылығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді ол.

Еске салайық, Ресейдің Новороссийск қаласындағы КҚК теңіз терминалының әкімшілік ғимаратына дрондармен шабуыл жасалып, соның салдарынан мұнайды экспортқа тиеу уақытша тоқтаған еді. Алайда бір күннен кейін теңіз терминалында жүк тиеу жұмыстары қайта жанданды.

29 қарашада Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалына экипажсыз қайықтар арқылы жасалған шабуыл кезінде екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі КҚК-дан бөлек балама экспорт бағыттарын қарастырып жатқанын хабарлады.