Жаңалықтар

БҚО-да боран кезінде үш адам қаза тауып, тағы біреуі әлі табылған жоқ

Батыс Қазақстан облысында 13–14 желтоқсанда болған қарлы боранда жоғалған бірнеше адамды іздеу жұмыстарының нәтижесі белгілі болды. Өкінішке қарай, үш адамның мәйіті табылды.

Олар — Жәнібек ауданының 57 жастағы тұрғыны, Бөкей ордасы ауданынан 25 жастағы ер адам және Қазталов ауданында тұратын 35 жастағы азамат. Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы да үсіп қайтыс болған.

Ал Ақжайық ауданында құтқарушылар 54 жастағы ер адамды тірі күйінде тапты. Оның қолы мен аяғы қатты үсіп кеткен. Қазір ол ауруханаға жатқызу үшін Орал қаласына жеткізіліп жатыр.

Жәнібек ауданында жоғалған 59 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары әлі жалғасуда. Іздестіруге төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, әскери қызметкерлер, жергілікті атқарушы органдардан барлығы 49 адам және 8 техника бірлігі тартылған.