Sportroom

«Ақымақ жағдай»: Жәнібек Әлімханұлының сөзін Ақбербаев сөйледі

Алғашқы ауыр салмақта жұдырықтасқан, бір кездері Геннадий Головкинмен бір командада дайындалған бұрынғы боксшы Иса Ақбербаев орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына өз пікірін білдірді.

Ақбербаевтың айтуынша, жағдайдың өзінен бұрын оны ұйымдастырған тараптар күмән тудырады.

«Жәнібекке бұл допинг мәселесі тезірек әрі әділ шешілсін деп тілеймін. Шынымды айтсам, бұл өте түсініксіз әрі ақылға қонбайтын жағдай. Жәнібек – тәжірибелі спортшы, жылдар бойы түрлі витаминдер мен қоспаларды қолданып келеді, жанында кәсіби командасы бар. Оның мельдонийге “ұсталып қалуы” мүмкін дегенге сену қиын. Біреулерге оны “құрбан етіп”, белбеулерінен айырып, басқа боксшылар арқылы тезірек пайда табу тиімді болып тұрғандай», – деді ол.

Еске салсақ, желтоқсан айының басында орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу үшін өтуі тиіс Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы біріктіру жекпе-жегі тоқтатылған болатын. Бұған Жәнібектің допинг сынамасынан мельдоний анықталғаны себеп болған.

Қазақ боксшысының орнына жедел түрде Хоан Гонсалес қарсылас ретінде таңдалып, Эрисланди Лара оны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.