Жаңалықтар

Қазақстан жеміс-көкөністі Өзбекстаннан емес, Қытайдан көп әкеле бастады

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанның көкөніс пен жеміс-жидек импорты айтарлықтай өсті, деп хабарлайды newsroom.kz.

Ақшаға шаққанда өсім 3,2% болып, жалпы импорт көлемі 559,7 млн долларды құрады. Ал тоннаж бойынша жеткізілімдер бір жылда 10,3% өсіп, 1,2 млн тоннаға жеткен.

Қазақстан дерлік барлық түрдегі жеміс-жидекті сырттан алады. Ең ірі импортталатын тауарлар қатарында:

  • банан — 49,5 млн доллар,
  • картоп — 46,3 млн доллар,
  • қызанақ — 42,7 млн доллар,
  • жүзім — 34,3 млн доллар,
  • пияз — 32,2 млн доллар,
  • алма — 32,1 млн доллар,
  • цитрус — 31,2 млн доллар,
  • шабдалы — 26,6 млн доллар.

2025 жылы жеткізушілер құрылымында елеулі өзгеріс болды: көп жыл бойы көш бастап келген Өзбекстанның орнына Қытай бірінші орынға шықты. Қытайдан келетін жеміс-жидек пен көкөніс импорты 9 айда 39% өсіп, 181,7 млн долларға жетті. Ал Өзбекстаннан жеткізілімдер керісінше 12% төмендеп, 128,6 млн доллардықұрады.

Көшбасшылықтың ауысуына нақты факторлар әсер етті:

  • Қытай картобының жаппай импорты — 33,4 млн доллар, 136 мың тонна;
  • Қытай жүзімінің 2 еседен аса өсуі — 22,8 млн доллар, 34,9 мың тонна;

сондай-ақ Қытайдан сәбіз, өрік, қызанақ, цитрус өнімдерінің көлемі айтарлықтай артқан.

Жалпы тоннаж бойынша Қытайдың Қазақстанға жеткізген өнімі бір жылда 2,2 есе өсіп, 401 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан импортталған 360 мың тоннадан да жоғары.

Қорытындысында, Қазақстанға әкелінетін барлық жеміс-жидек пен көкөністің шамамен 55%-ы Қытай мен Өзбекстанның үлесінде.