Алматы-2-де үлкен дабыл: Киностудия пойызынан 52 адам уланды
Алматы-2 теміржол бекетіне келген пойызда көміртегі тотығымен жаппай улану тіркелді. Оқиға салдарынан 52 адам зардап шегіп, олардың арасында балалар да бар. Екі бүлдіршіннің жағдайы ауыр – жансақтау бөліміне жатқызылған.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шақырту түскен бойда оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы аттандырылған.
«Жалпы 52 адам медициналық көмекке жүгінді, арасында балалар да бар. Барлық науқас қалалық ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, тексеруден өтті және қажетті көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді ведомство.
Тексеріс нәтижесінде 10 бала ауруханаға жатқызылғаны анықталды. Екеуі – жансақтауда, қалғандары профильдік бөлімшелерде ем қабылдап жатыр.
«Қалған адамдарға алғашқы көмек көрсетіліп, тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емге жіберілді. Ауруханаға түскендердің жағдайы дәрігерлердің бақылауында, барлығы қажетті еммен қамтамасыз етілген», – деді басқарма.
Оқиғаға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ да түсінік берді. Компанияның мәлімдеуінше, улану тіркелген пойыз ұлттық тасымалдаушыға тиесілі емес.
«Бұл пойыз біздің балансымызда емес. Ол жеке тасымалдаушыға қарайды және вагондар түсірілім жұмыстары үшін киностудияға жалға берілген», – деп хабарлады компания.