Әкім мойындады: «Кезек жылжымайды деген пікірмен келісем»
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгінгі брифингте қаладағы тұрғын үй кезегіне қатысты өзекті мәселені түсіндірді. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары қалаға қоныс аударушылар саны күрт көбейіп, кезектегі адамдар қатары жылдан жылға өсіп келеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Сыздықбековтің сөзінше, бұрын тұрғын үй кезегі 80 мыңның айналасында болса, қазір бұл сан 90 мың адамға жеткен.
«Халық ағымы тоқтап тұрған жоқ. Агломерациялану процесі жүріп жатыр, басқа өңірлерден келетіндер көп. Сол себепті кезекте тұрғандардың саны артып келеді», – деді ол.
Әкім тұрғындар тарапынан «кезек жылжымайды» деген шағымдар бар екенін мойындады. Оның айтуынша, бұл жағдайды жылжыту үшін қала жыл сайын жаңа үйлердің құрылысын көбейтіп жатыр.
«Орта есеппен Шымкентте жыл сайын 4 мыңға жуық пәтер әртүрлі бағдарлама арқылы беріледі. Біреулер сенбеуі мүмкін, “өтірік” деуі мүмкін. Бірақ пәтерлер бірнеше әлеуметтік санатқа бөлініп беріледі: мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнет жасындағы адамдар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар және басқа да санаттар», – деп түсіндірді әкім.
Сыздықбековтің айтуынша, қалада құрылыс тоқтамайды, жаңа шаршы метрлер көбейіп, қолжетімді баспана көлемі артпақ.
«Біздің қолымыздан келетін көмек – құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу. Көбірек пәтер салып, халыққа беру», – деді ол.