Алматының урбанистік бастамалары SHARE Architecture Awards халықаралық жүлдесіне ие болды
Аустрияның Дорнбирн қаласында өткен SHARE Architecture Awards 2025 фестивалінде «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының урбанистік жобалары жоғары бағаланып, беделді халықаралық марапатқа ие болды.
Дорнбирн қаласында Еуропа, Кавказ және Орталық Азиядан келген жетекші сәулетшілер, урбанистер, мемлекеттік құрылымдар мен зерттеу орталықтарының мамандарын бір алаңға тоғыстырған SHARE Architecture Awards 2025 халықаралық фестивалі өтті. Биылғы шара SHARE Architects Society қолдауымен ұйымдастырылып, өңірдегі үздік жобаларды таныстыру мен кәсіби қауымдастық арасындағы диалогты нығайтуға бағытталды.
Форум тарихында алғаш рет мұншалықты кең көлемде өткен бағдарлама аясында 20 елден 114 жоба финалға жолдама алып, «Іске асырылған ғимараттар», «Интерьер» және «Болашақ жобалары» номинациялары бойынша қазылар назарына ұсынылды. Қазақстан биыл негізгі қатысушылардың бірі ретінде ерекше көзге түсті.
«Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов фестивальдің ресми бағдарламасына спикер ретінде шақырылып, Алматыны дамытудың басты стратегиялық бағыттарымен бөлісті. Оның айтуынша, қала полицентрлік үлгіге көшу, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, ғылыми-талдамалық тәсілді қалабасқару процесіне енгізу және инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Фестиваль қорытындысында Асхат Сәдуов пен институт ұжымы заманауи урбанистика саласын дамытуға әрі халықаралық архитектуралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін SHARE Awards жүлдесімен марапатталды.
«Бұл марапат Алматыдағы урбанистикалық өзгерістерге әлемдік қауымдастықтың қызығушылығы артқанын дәлелдейді және қазақстандық сәулетшілердің кәсіби беделін жаңа деңгейге көтереді», – деді А. Сәдуов.