Жаңалықтар

Қазақстандағы шизофрения: ем бар, бірақ оған қол жеткізу әлі қиын

Шизофрения – қоғам ашық талқылай бермейтін, бірақ мыңдаған отандасымыз өмір бойы күресетін дерт.Диагноз қойылғанымен, оны жасыру, түсінбеу, одан қорқу немесе пациенттен алшақтау секілді қоғамдағы таптаурын көзқарас әлі де басым. Стационарлық емнен кейін де көптеген адамдар әлеуметтік ортаға қайта бейімделу барысында жүйелі кедергілерге тап болады.

Шизофрения: статистикадан тыс шынайы өмір

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде 1 млрд-тан астам адам әртүрлі психикалық бұзылыстармен өмір сүреді. Оның ішінде жеңіл мазасыздықтан бастап, созылмалы ауыр ауруларға дейін бар. Солардың шамамен 23 миллионы – шизофрения диагнозы қойылған адамдар.

Қазақстанда бұл диагнозбен 40 мыңға жуық адам тіркелген. Аурудың алғашқы белгілері көбіне 20–29 жас аралығында байқалады – дәл өмір жолы қалыптасатын маңызды кезеңде.

Дәрігерлердің айтуынша, пациенттердің көбі ұзақ жылдар бойы көмекке жүгінбей жүреді. Алғашқы симптом пайда болғаннан ем басталғанға дейін 10–15 жыл өтіп кететін жағдайлар да аз емес. Бұған стигма, «есепке тұрам ба?» деген қорқыныш, ақпараттың аздығы әсер етеді.

Негізгі мақсат – адамды қайта өмірге қосу

Астана қаласының штаттан тыс бас психиатры Елена Полиенко бұл дерттің ең ауыр салдарының бірі – әлеуметтік оқшаулану екенін айтады.

«Шизофрения диагнозы қойылған адам тек денсаулығынан емес, әдеттегі өмір салтынан да айырылады. Жұмыссыз қалады, достардан алыстайды, өзіне сенімсіз болады. Бұл жағдай симптомдарды одан әрі күшейтеді. Қазіргі терапияның басты мақсаты – тек белгілерді басу емес, адамды өмірге қайта әкелу», – дейді маман.

Елена Полиенко

Заманауи ем: ғылыми негізделген жаңа буын препараттары

Қазіргі таңда тұрақты ремиссияға қол жеткізудің маңызды құралы – үшінші буын антипсихотиктері. Бұрынғы препараттар негізінен елес, сандырақ секілді жедел симптомдарды басуға бағытталса, жаңа дәрілер когнитивтік функцияларды қалпына келтіруге көмектеседі: эмоция, мотивация, қызығушылық, қарым-қатынасқа бейімділік.

Клиникалық зерттеулерде бұл препараттар 1–2 аптаның ішінде айтарлықтай оң өзгеріс көрсеткен. Ұзақ мерзімде рецидив қаупін екі есеге дейін азайтады.

Полиенко бұл дәрілердің жанама әсерінің аз болуын ерекше атап өтті.
Өйткені шизофрения кезінде емдеу жылдар бойы жүреді, ал ұзақ мерзімді көтерімділік өте маңызды.

«Ауру – адамның кінәсі емес»

«Global Green Hub» бастамасының жетекшісі, шизофрения диагнозы бар қызының анасы Әсел Сейфуллинақолжетімді емнің отбасы үшін қандай маңызға ие екенін айтады.

Оның сөзінше, стационарда заманауи препараттар тағайындалғанымен, үйге шыққаннан кейін олар амбулаторлық тегін тізімге кірмейтіндіктен, көптеген отбасы амалсыздан ескі буын дәрілеріне қайта оралады.

«Жаңа препараттар өте қымбат – айына ондаған мың теңге. Әр отбасының оны көтеруге шамасы жетпейді. Жағымсыз әсері аз, эмоцияны қайтаруға көмектесетін дәрілер тегін берілсе, мыңдаған адамның жағдайы жақсарушы еді», – дейді ол.

Экономикалық тиімділік: инвестиция емес – үнем

ДДҰ мәліметінше, психикалық бұзылыстар еңбек өнімділігінің төмендеуіне жыл сайын 1 трлн доллардан астам шығын келтіреді.
Шизофрения да – мүгедектікке әкелетін ең ауыр диагноздардың бірі, ал пациенттердің көбі – еңбекке қабілетті жастар.

Полиенконың айтуынша:

«Дұрыс таңдалған терапия рецидивтерді, мүгедектікті және қайта госпитализацияны азайтады. Стационарда бастаған тиімді схеманы амбулаторлық кезеңде жалғастыру – ең дұрыс шешім».

Диагнозбен жалғыз қалмау

Маманның айтуынша, дәрімен емдеуден бөлек, реабилитация — пациенттің өмір сапасын қалпына келтіретін негізгі тетік.
Күндізгі стационар, қолдау топтары, әлеуметтік бейімдеу бағдарламалары адамның қоғамға қайта бейімделуіне жол ашады.

Әсел Сейфуллина да бұл пікірді қолдайды:

«Диагноз қойылғанда не істеу керек, қандай ақпаратқа сену керек – бәрі түсініксіз болады. Осындай сәтте жалғыз қалмай, қолдау табу өте маңызды».