«Тілімді кесіп алмақшы болды»: тілін темірге жабыстырып алған бала анасына өтірік айтқан
9 желтоқсанда павлодарлық әйел жеті жасар ұлына жасалған шабуыл туралы хабарлаған еді. Айтуынша, шамамен он жастағы екі бала оның баласын жерге құлатып, қайшымен тілін кескісі келген.
«Ұлым әрең босап шығып, шошынған күйі подъезге қарай жүгірген. Ана екеуі соңынан қуа жөнеліпті. Бірақ ұлым дер кезінде домофонға қоңырау шалып, подъезге кіріп үлгерген», — деді анасы.
Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оның миы шайқалғанын, денесінде сызаттар мен көгерулер барын, тілінде жеңіл жарақат қалғанын айтты. Полиция қылмыстық іс қозғап, тексеру бастаған.
Алайда кейін полицейлер нақты жағдайды анықтады: ешқандай шабуыл болмаған. Бақылау камераларындағы бейнежазбаға сәйкес, бала ойын алаңындағы темір әткеншекте отырып, тілін суық металға өзі тигізіп алған. Қан шыққанын көріп, қорқып кеткен де, оқиғаны ойдан құрастырған.
Балаға түсіндіру жұмысы жүргізілді, ал ата-анасының әрекетіне қатысты мәселені кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарайды.