Бас дәрігер жабдыққа жұмсаймыз деп 115 млн теңгені жымқырған
Түркістан облысында бюджет қаражатын ірі көлемде ұрлау фактісі анықталды. Бұл істі Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тергеп жатыр.
Тергеу деректеріне қарағанда, қылмыстық схеманы Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері ұйымдастырған. Медициналық газ жабдығын сатып алу кезінде ол процесті бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысына бөлек келісімшарт жасасу арқылы мемлекеттік сатып алуды айналып өткен.
Агенттіктің мәліметінше, ол бұл схеманы жүзеге асыру үшін медициналық бұйымдар жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Әйел адамның атына тіркелген емес, оның бақылауындағы, туыс пен таныстар атына рәсімделген бірнеше фирма пайдаланылған.
Сол компаниялар «жасанды түрде көтерілген баға» көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындаған.
Ал шын мәнінде жабдықты мүлде басқа компания жеткізген, бірақ қабылдау актілері мен келісімшарттар жоғарыдағы фирмалар арқылы рәсімделген.
Аурухана ақшасы осы фирмалар шотына түскеннен кейін күдіктілер ірі соманы қолма-қол қылып, өзара бөлісіп алған.
«Мемлекетке келген шығын 115 млн теңге болды. Заңсыз табысқа күдікті әйел елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот шешімімен бұл мүлікке тыйым салынды. Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы – кепіл, ал оның сыбайласы үй қамаққа алынған», – деп хабарлады агенттік.