Денсаулық

Жетісуда балалар денсаулығына қауіпті жағдай анықталды

Жетісу облысының Алакөл ауданындағы бірқатар мемлекеттік мектеп пен балабақшада сынапты шамдардың дұрыс сақталмауы фактілері анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Тексеру барысында жанған сынапты шамдардың 436 данасы арнайы бөлмелерге емес, жертөле мен қоймаларда сақталғаны белгілі болды. Санитарлық талапқа сәйкес мұндай шамдар балалар мүлдем кіре алмайтын бөлек орында тұруы керек және оларды тұрмыстық қоқысқа тастауға тыйым салынады.

Прокуратураның мәліметінше, бұл жағдай оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына тікелей қауіп төндірген.

Прокурорлық шаралардан кейін заңбұзушылықтар толық жойылып, қауіпті қалдықтар талапқа сай орынға шығарылған.

Мамандардың айтуынша, жарылған немесе бүлінген сынапты шамдар өте қауіпті, себебі сынап бөлме температурасында-ақ буланып, жүйке, тыныс, ас қорыту және иммундық жүйеге зиян келтіруі мүмкін.