Гоа түнгі клубында өрт шығып, 25 адам қаза тапты
Үндістанның Гоа штатындағы түнгі клубтардың бірінде ірі өрт болып, кемінде 25 адам қаза тапты. Бұл туралы штат басшысы Прамод Савант X платформасында хабарлады. Құрбандардың арасында үш-төрт шетелдік турист бар.
Өрт түн ортасынан кейін, Гоадағы ең көп баратын жағажайлардың бірінің маңындағы клуб аумағында шыққан. Үш адам күйік салдарынан көз жұмса, қалғандары түтіннен уланудан қайтыс болған. Полицияның алдын ала дерегіне сүйенсек, қаза тапқандардың басым бөлігі — сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлер болуы мүмкін.
Гоа штатындағы өрт қызметінің басшысы Нитин Рейкердің айтуынша, клубта кеш кезінде «отты шоу»ұйымдастырылған. Сол сәтте ағаштан жасалған декоратив элементтер тез тұтанып, жалын бүкіл ғимаратқа лезде тараған.
Өрт толық өшірілгеннен кейін нысан мөрленді, ал мамандар өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруге кірісті.