Жаңалықтар

Астанада Әлемдік дәретхана саммитін өткізу ұсынылды

Астанада Әлемдік дәретхана саммитін өткізу мәселесі талқылануы мүмкін. Бұл туралы журналист Асхат Ниязов хабарлап, Instagram парақшасында Дүниежүзілік дәретхана ұйымының (World Toilet Organization) ресми хатын жариялады.

Онда Шымкенттің санитария саласындағы халықаралық мойындауға ие болғаны және МИРАС университетінің ректоры Нүркен Халықбергеннің World Toilet Hall of Fame 2025 — Дәретхана даңқ залы тізіміне енгізілгені жазылған.

Ұйымның негізін қалаушы Джек Сим қол қойған хатта бұл марапат санитария мен гигиенаны жақсартуға айрықша үлес қосқан жандарға жыл сайын БҰҰ-ның Дүниежүзілік дәретхана күніне орай табысталатын ең жоғары сый екені атап өтіледі.

World Toilet Organization Қазақстанның қолжетімді әрі заманауи қоғамдық дәретханаларды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Нүркен Халықбергеннің еңбегі халықтың өмір сапасына тікелей ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар хатта Астанада Әлемдік дәретхана саммитін өткізу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс бар. Егер бұл бастама жүзеге асса, Орталық Азияда алғаш рет осындай ауқымды шара өтпек.

Жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Пікірлер арасында әзіл де, ирония да, қолдау да бар. Қолданушылардың кейбірі скепсис білдірсе, енді бірі қолжетімді қала инфрақұрылымының маңызын атап өтуде.

Пікірлерден:
— «Браво, туалетке қуандым, бірақ халық қашан жақсы өмір сүретін болады?»
— «Мен мұндайды Кореяда көргем»
— «Қайдағы саммит? 2020 жылы Шымкентті мәдени астана деді, немен аяқталғаны есімізде»
— «Әлемдік дәретхана саммиті Астанада өтсін! Әзілдейміз, бірақ мәселе өте маңызды»
— «Бұл қандай трэш? Шынымен өткізбек пе?»
— «Қоғамдық дәретхана — адамның базалық құқығы. Әкімдер бұл мәселеге бет бұрғанына қуаныштымын»

Еске салайық, шілде айының соңында Дүниежүзілік дәретхана ұйымының жетекшісі Джек Сим Шымкентке келіп, қаланың қоғамдық дәретханалар жүйесін тексерген болатын. Ол қала әкімдігі мен Miras университетінің бірлескен жобасын жоғары бағалады. Экскурсияны ректор Нүркен Халықбергеннің өзі жүргізді.

Жазда осы жобаның аясында Шымкенттегі «Арбатта» «тазалық кешені» ашылды. Онда екі санитарлық торап, душ, полиция бекеті, туристік кеңсе және кешкісін өнер көрсететін шағын сахна орналасқан.

Бір қызығы дәретхананың қабырғасы шыныдан тұрғызылған. Даладан әретхананың іші айқын көрініп тұрады. Алайда, ішке кіргенде әйнекті қараңғылайтын батырманы басу керек.