Президент Тоқаев қайырымды кәсіпкерлерге арнайы орден енгізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жаңа марапаттың — «Мейірім» орденінің құрылатынын жариялады. Бұл орден қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік саласында белсенділік танытқан кәсіпкерлерге табысталатын болады.
«Бүгін — еліміздің бизнес қауымдастығы үшін ерекше күн. «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің жетістіктеріңіз — ортақ табысымыздың көрсеткіші. Сапалы өнім өндіріп, ел экономикасына үлес қосып, қоғам алдындағы жауапкершілікті айқын көрсетіп келесіздер», — деді Тоқаев.
Президент сонымен қатар 29 қазанның ресми түрде Қазақстан кәсіпкерлері күні болып бекітілгенін еске салды. Ол келесі жылы бірқатар кәсіпкерлердің жаңа «Мейірім» орденімен марапатталатынына сенім білдірді.