Жаңалықтар

Аймағамбетов: ел тарихын жоғалтпас үшін онлайн-жаңалықтарды архивтеу қажет

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов интернеттегі онлайн-жаңалықтар саны күн сайын өсіп жатқанымен, баспа басылымдарының қатары азайып бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, кез келген БАҚ жабылғанда, онымен бірге оның барлық мұрағаты да жоғалып, ел тарихының бір бөлігі өшіп кетеді.

«Мақалалар мәңгіге жоғалады»

Депутат бұрын газет-журналдардың міндетті түрде ұлттық кітапханаларға тапсырылатынын, сондықтан олардың 50 жылдан кейін де табылатынын еске салды. Ал электронды БАҚ-қа мұндай талап қойылмағандықтан, ондағы материалдар қолжетімсіз болып қалуы мүмкін.

«Дәстүрлі баспа БАҚ-та бұрыннан бар тәжірибе – газеттер мен журналдардың даналары ұлттық кітапханаларға өткізіліп, архивтеледі. Ал жаңа медиа материалдары да жоғалып кетіп жатса, не болмақ?» – деді ол.

БАҚ туралы жаңа талаптар талқылануы мүмкін

Аймағамбетов бұл мәселені архивтер туралы заң жобасын әзірлеу кезінде де көтергенін айтты. Оның сөзінше, көптеген елдерде, әсіресе Еуропада, онлайн-басылымдарды ұлттық архивке материал тапсыруға міндеттейтін нормалар бар.

«Біз де осы сала мамандарымен талқылап, баспа басылымдарына қойылған талаптарға ұқсас, жаңалық порталдарының цифрлық материалдарын орталықтандырылған архивке өткізу мүмкіндігін қарастыруымыз керек», – деді депутат.

Сонымен қатар ол мұндай талап барлық БАҚ үшін ыңғайлы болуы тиіс екенін, редакцияларға артық қиындық тудырмау керегін атап өтті.