Жаңалықтар

Алагөзов  жеке холдинг құрып, Таяу Шығыс нарығына шығуды жоспарлап отыр

«Maxi чай» бренді мен Galanz bottlers компаниясының негізін қалаған кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов өз холдингін – Baiuly Capital Holding – құруға кірісті. Бұл туралы ол Forbes Talks жобасына берген сұхбатында айтты.

Неліктен холдинг құрып жатыр?

Алагөзовтың айтуынша, оның бизнесі бұрынғыдай жеке бақылауға келмейтін деңгейге өскен.

«Бұрын тек алкогольсіз сусын өндірумен айналысқанда, бәрін өзім басқара алатынмын. Қазір үш бағытта шамамен 5 мың қызметкер бар. Бұрынғыдай егжей-тегжейлі басқару мүмкін емес», – деді кәсіпкер.

Холдинг атауы және құрылымы

Жаңа холдингтің атауы – Baiuly Capital Holding.

«Мен Кіші жүздің Байұлы руынан шыққанмын. Ата-бабамның рухы қолдайды деп сенемін», – деді Алагөзов.

Холдинг классикалық модельмен жұмыс істейді: байқау кеңесі және басқару вертикалі құрылады. Алайда кәсіпкердің айтуынша, негізгі стратегиялық шешімдер компания ішінде қалуы тиіс:

«Біз өз кадрымызды өсіреміз. Қымбат шетелдік топ-менеджерлерді алдырғым келмейді. Қажет болса консультанттар болады, бірақ негізгі шешімдер іште қабылдануы керек».

Холдинг ішінде SAP операциялық жүйесін енгізу басталды. Жобаның құны – 6 млн еуро.

«SAP-пен келісімшартты желтоқсанның ортасына дейін бекітеміз деп отырмыз. Жүйені толық енгізуге үш жыл қажет», – деді Алагөзов.

Экспорт және шетелге шығу жоспары

Кәсіпкер экспорттық бағыттарды зерттеп жатыр. Сонымен бірге шетелден кәсіпорын сатып алу мүмкіндіктері қарастырылуда – Өзбекстан, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы.

«Қазір стратегиялық серіктес іздеп отырған жоқпыз. Бірақ экспорт пен дайын кәсіпорындарды сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді ол.

Жаңа жобалар: зауыттар, желілер, жаңа өндіріс

Алматы облысында 55 мың шаршы метрлік жаңа алкогольсіз сусын зауыты салынып жатыр.

Шымкенттегі сыра зауытында француздық банкалау желісі іске қосылады. Қуаты — жылына 250 млн банка мен шыны бөтелке.

Бұрынғы «Цесна-Астық» базасында глюкоза, крахмал, аминқышқылдары және қосымша құны жоғары өнімдер өндіру жоспарлануда.

Алагөзовтың капиталы

2025 жылы Алагөзов Forbes Kazakhstan тізіміне алғаш рет еніп, елдің ең бай 75 кәсіпкері қатарында 61-орыналды. Оның байлығы 130 млн доллар деп бағаланды.

Соңғы екі жылда ол көпсалалы бизнес портфелін қалыптастырды:
– 2024 жылы Шымкент сыра зауытын 8 млрд теңгеге сатып алып, модернизацияға 18 млрд теңгеден астаминвестиция құйды.
– 2025 жылы JFood Kazakhstan (бұрынғы «Цесна-Астық») компаниясын 11 млрд теңгеге иеленді.