Неліктен холдинг құрып жатыр?
Алагөзовтың айтуынша, оның бизнесі бұрынғыдай жеке бақылауға келмейтін деңгейге өскен.
«Бұрын тек алкогольсіз сусын өндірумен айналысқанда, бәрін өзім басқара алатынмын. Қазір үш бағытта шамамен 5 мың қызметкер бар. Бұрынғыдай егжей-тегжейлі басқару мүмкін емес», – деді кәсіпкер.
Холдинг атауы және құрылымы
Жаңа холдингтің атауы – Baiuly Capital Holding.
«Мен Кіші жүздің Байұлы руынан шыққанмын. Ата-бабамның рухы қолдайды деп сенемін», – деді Алагөзов.
Холдинг классикалық модельмен жұмыс істейді: байқау кеңесі және басқару вертикалі құрылады. Алайда кәсіпкердің айтуынша, негізгі стратегиялық шешімдер компания ішінде қалуы тиіс:
«Біз өз кадрымызды өсіреміз. Қымбат шетелдік топ-менеджерлерді алдырғым келмейді. Қажет болса консультанттар болады, бірақ негізгі шешімдер іште қабылдануы керек».
Холдинг ішінде SAP операциялық жүйесін енгізу басталды. Жобаның құны – 6 млн еуро.
«SAP-пен келісімшартты желтоқсанның ортасына дейін бекітеміз деп отырмыз. Жүйені толық енгізуге үш жыл қажет», – деді Алагөзов.
Экспорт және шетелге шығу жоспары
Кәсіпкер экспорттық бағыттарды зерттеп жатыр. Сонымен бірге шетелден кәсіпорын сатып алу мүмкіндіктері қарастырылуда – Өзбекстан, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы.
«Қазір стратегиялық серіктес іздеп отырған жоқпыз. Бірақ экспорт пен дайын кәсіпорындарды сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді ол.
Жаңа жобалар: зауыттар, желілер, жаңа өндіріс
Алматы облысында 55 мың шаршы метрлік жаңа алкогольсіз сусын зауыты салынып жатыр.
Шымкенттегі сыра зауытында француздық банкалау желісі іске қосылады. Қуаты — жылына 250 млн банка мен шыны бөтелке.
Бұрынғы «Цесна-Астық» базасында глюкоза, крахмал, аминқышқылдары және қосымша құны жоғары өнімдер өндіру жоспарлануда.
Алагөзовтың капиталы
2025 жылы Алагөзов Forbes Kazakhstan тізіміне алғаш рет еніп, елдің ең бай 75 кәсіпкері қатарында 61-орыналды. Оның байлығы 130 млн доллар деп бағаланды.
Соңғы екі жылда ол көпсалалы бизнес портфелін қалыптастырды:
– 2024 жылы Шымкент сыра зауытын 8 млрд теңгеге сатып алып, модернизацияға 18 млрд теңгеден астаминвестиция құйды.
– 2025 жылы JFood Kazakhstan (бұрынғы «Цесна-Астық») компаниясын 11 млрд теңгеге иеленді.