Жаңалықтар

Бішкектегі турнирден қайтып келе жатқан қазақ спортшылары жол апатынан қаза тапты

Алматы — Бішкек трассасындағы сұмдық апаттан жеті адам қаза тапты: марқұмдардың арасында танымал спортшылар бар

2 желтоқсанға қараған түні Алматы — Бішкек автожолында ірі жол апаты болып, жеті адам ажал құшты. Honda Odissei көлігі жүк көлігі HOWO-ның тіркемесіне соғылып, жеңіл автокөліктегі барлық жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға орынынан

Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс тіркелгенін, апаттың мән-жайы тергеліп жатқанын хабарлады.

Видеодан скриншот

Жол-көлік оқиғасынан кейін белгілі болғандай, қаза тапқандардың ішінде Қазақстандағы спорт қауымдастығы үшін үлкен орны бар  спортшылар мен ардагерлер болған. Бұл ақпаратты Ұлттық сурдлимпиялық комитеттің вице-президенті, Қазақстанның жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуов әлеуметтік желідегі парақшасында растады.

Оның айтуынша, марқұмдар Бішкектен қайтып келе жатқан. Онда футбол ардагерлері арасында турнир өткен.

Қаза тапқандардың қатарында:

▪️ Асыл Ибраимов — есту қабілеті шектеулі  спортшылар арасында футбол жаттықтырушысы;

▪️ Дмитрий Мочальский — сурдлимпиялық чемпион, Еуропа чемпионы (шахмат);

▪️ Сәкен Смағұлов, Сергей Волковинский, Серік Молдашев — есту қабілеті шектеулі спортшылар футбол ардагерлері, ұлттық құрама мүшелері.

«Олардың бәрін бала кезімнен танимын. Әкемнің ең жақын достары еді. Арттарында бала-шағасы, немерелері қалды... Жандары жәннатта болсын», — деп жазды Шакуов.

Қайғылы жағдайға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.