Мақтадан киімге дейін: Қытайлар Түркістанда мақта-тоқыма кластерін салады
Үкімет Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеуге бағытталған ірі жобаны іске асыру туралы келісімді мақұлдады. Құжатқа премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды newsroom.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба мақсаты – Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жерде мақта өсіруден бастап дайын тауар өндіруге дейінгі толық өндіріс тізбегін қалыптастыру. Жоба іске асқанда 1,4 мыңнан астам тұрақты, сондай-ақ 300-ден аса маусымдық жұмыс орны ашылады.
Инвестицияны Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы құяды. Бірінші кезеңде 58 млрд теңгеден астам қаржы салу жоспарланған, жалпы инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден жоғары. Бұл жөнінде бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов пен компания басшысы Чжан Цихай келіссөз жүргізген.
Жоба шеңберінде ауыл шаруашылығында бұрын кең қолданылмаған технологиялар енгізіледі:
– тамшылатып суарудың жоғары тиімді жүйесі бар 196 сорғы стансасы;
– 500 км-ден астам суару және тарату арналары;
– үш ірі сорғы кешені және үш трансформаторлық қосалқы станса;
– тыңайтқыштарды интеграцияланған жүйемен беру;
– заманауи техника: қуатты тракторлар, мақта жинайтын машиналар, бүріккіштер және арнайы құрылыс техникасы.
Кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу өндірісі, сондай-ақ тамшылатып суаруға арналған құбырлар мен жабдық шығаратын желі ашылады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, мақта өсіруден бастап жіп, мата және дайын киімге дейінгі жабық өндіріс циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда жылына 70–75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады. Жоба іске асса, ел ішінде терең өңдеу көлемі артып, тоқымадан дайын өнім шығару едәуір көбейеді. Бұл отандық тоқыма өнеркәсібін күшейтіп, экспорт мүмкіндігін ұлғайтып, логистика, жөндеу қызметі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сияқты шағын және орта бизнес бағыттарын дамытуға серпін береді.