Қазақстан қартайған елдер қатарына кіріп барады
Орталық Азияның “Generation 2050” есебіндегі 10 негізгі тұжырым
1. Аймақтың халқы алдағы онжылдықтарда қарқынды өседі.
2050 жылға қарай Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның жиынтық халқы 111,7 миллион адамға жетеді. Бұл — 2000 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
2. Жастар — өңірдің басты демографиялық артықшылығы.
Халықтың 50 пайыздан астамы 30 жасқа толмаған. Бұл аймаққа демографиялық дивиденд мүмкіндігін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді жеделдетуге жол ашады.
3. Дивидендтік мүмкіндіктің ашық кезеңі 2040 жылға дейін сақталады.
Демографиялық жүктеменің төмендігі (100 жұмыс істейтін адамға шаққанда 60-қа жуық иждивенді) өңірдің дамуына ең қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
4. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан — “ерте дивиденд” елдері.
Бұл мемлекеттерде туу деңгейі біртіндеп төмендеп, еңбекке қабілетті халық саны артып келеді. Дұрыс саясат жүргізілген жағдайда олар жедел экономикалық өрлеуге қол жеткізе алады.
5. Қазақстанда халықтың қартаю кезеңі басталды.
Ел “кейінгі дивидендтік” сатыға беттеп келеді: 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі өсуде, ал 2050 жылға қарай халықтың медиан жасы 32-ден жоғары болады.
6. Туу көрсеткішінің төмендеуіне қарамастан, дүниеге келетін балалар саны тұрақты қалады.
Репродуктив жастағы әйелдердің көбеюіне байланысты, демографиялық импульс 2050 жылға дейін жалпы туу көлемін жоғары деңгейде ұстап тұрады.
7. Урбанизация үдерісі жеделдейді, бірақ елдер арасында айырмашылық бар.
2050 жылға қарай өңір халқының 60 пайызы қалаларда тұрады. Қазақстан ең урбанизацияланған мемлекетке айналуы мүмкін (шамамен 69%), ал Тәжікстан ең төмен көрсеткішпен қалуы ықтимал (шамамен 43%).
8. Миграция жартылай тұрақты құбылысқа айналып, жаңа әлеуметтік мәселелер туғызады.
Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан еңбек мигранттарының көптеп шығуы “бөлінген отбасылардың” көбеюіне, ата-анасыз өсіп жатқан балалар санының артуына әкеліп отыр.
9. Климаттық тәуекелдер күшейіп, экономикалық белсенділікке әсер етуде.
2030 жылға қарай ыстыққа байланысты климаттық стресс жұмыс уақытының қысқаруына және өңір елдерінің ЖІӨ төмендеуіне себеп болады. Ең көп зардап шегетін салалар — ауыл шаруашылығы мен құрылыс.
10. Өңірдің болашақ экономикалық серпіні адам капиталына салынатын инвестицияға байланысты.
Екінші демографиялық дивиденд моделіне сәйкес, келешектегі экономикалық өсімнің үштен екісі жастардың біліміне, денсаулығына және дағдысына тәуелді. Физикалық капиталдан гөрі адам әлеуетіне құйылатын инвестиция шешуші рөл атқарады.