Қазақстанда отырып америкалық диплом алу: Narxoz қалай мүмкін етті?
Қараша айының ортасында Нархоз университетінің басшылығы Чикаго қаласына жұмыс сапарын жасады. Сапардың негізгі мақсаты — Illinois Institute of Technology (Illinois Tech) университетімен стратегиялық әріптестікті тереңдету және жаңа академиялық әрі зерттеу жобаларын талқылау болды.
Кездесу барысында академиялық үдерістерге жасанды интеллектті енгізу жобасын іске қосу және магистратура деңгейіндегі жаңа бағдарламаларды дамыту мәселелері басты назарға алынды.
Illinois Tech — әлемдік деңгейдегі технологиялық білім беру көшбасшысы
Illinois Tech — АҚШ-тағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі. The Wall Street Journal рейтингі бойынша университет Іллинойс штаты бойынша 1-орында, ал ел көлемінде түлектер табысы бойынша 22-орында тұр.
Сонымен қатар университет U.S. News & World Report рейтингінің Engineering, Computer Science және Social Mobility санаттарында ТОП-100 қатарына кіреді. Бұл көрсеткіштер білім беру сапасын, инженерлік және IT бағыттарындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.
Narxoz және Illinois Tech: қос диплом бағдарламасы
Narxoz университеті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, Computer Engineering және Digital Technologies бағыттары бойынша қос диплом бағдарламасын іске қосуды қамтамасыз етті.
Бұл бағдарлама студенттерге толықтай ағылшын тілінде халықаралық STEM стандарттарына сай дайындалған оқу жоспарымен екі диплом — қазақстандық және америкалық бакалавр дәрежесін алу мүмкіндігін береді.
Бағдарлама форматтары:
4+0 — төрт жыл Қазақстанда, нәтижесінде екі толыққанды диплом;
2+2 — екі жыл Narxoz-да, екі жыл АҚШ-та;
3+1 — үш жыл Қазақстанда, соңғы жыл Чикагодағы IIT кампусында.
Студенттер оқуын түгелдей Қазақстанда аяқтай алады немесе соңғы жылын АҚШ-та өткізу мүмкіндігі бар. Бұл ретте оқу құны АҚШ-тағы төрт жылдық оқумен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді, ал академиялық талаптар мен профессорлық құрам Illinois Tech стандарттарына толық сәйкес келеді.
2025 жылдың қыркүйегінде бағдарлама бойынша алғашқы студенттер білім алуды бастады. Бұл халықаралық білім мен жаһандық мансапқа жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрінің сапары
Бағдарламаның сәтті іске қосылуы және екі университет арасындағы сенімнің нығаюынан кейін келесі маңызды қадам — ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Illinois Tech университетіне ресми сапары болды.
Сапар барысында тараптар іске қосылған бағдарламаның сапасын бағалап, серіктестікті кеңейтуге дайын екендерін растады.
Халықаралық білім — Қазақстанда қолжетімді
«Illinois Tech-пен серіктестік біздің студенттерге бірегей мүмкіндіктер береді: халықаралық деңгейдегі дипломдар, заманауи білім ресурстарына қол жеткізу, әлемдік профессорлардан сабақ алу және нақты мансаптық перспективалар. Ең бастысы — мұның бәрі елден ұзақ уақытқа кетпей-ақ қолжетімді», — дейді университет өкілдері.