Жаңалықтар

Ақтөбеде мас жолаушы таксистің көлігін айдап кетіп, бас бостандығынан айырылды

Ақтөбеде 43 жастағы ер адам таксистпен жанжалдасып, оның көлігін айдап кеткен, деп хабарлайды newsroom.kz «Диапазон»-ға сілтеп.

Тергеу мәліметінше, ер адам танысымен бірге ішімдік ішкеннен кейін такси шақырып, жолда ұйықтап қалған. Мекенжайына келген кезде ол такси жүргізушісіне жолақысын төлемейтінін айтқан. Бұған ашуланған таксист оны үйіне қарай алып кеткен, бірақ жолда «төлемесең, түс» деп талап қояды. Клиент жүргізушіні мойын тұсынан ұрып жіберіп, екеуі сыртқа шығады. Жүргізуші төбелестен қашып, шегінген сәтте ер адам Mitsubishi Lancer көлігіне отырып, айдап кеткен.

Таксист полицияға хабар береді. Патруль көліктің соңынан қуып, бірнеше рет тоқтауды талап еткенімен, жүргізуші бұйрыққа бағынбаған. Автомобиль тек жолын басқа көлік бөгегенде ғана тоқтаған.

Ер адамға көлікті айдап кету, мас күйде көлік жүргізу және жүргізуші куәлігінсіз басқару (оған бұған дейін тыйым салынғаны анықталған) баптары бойынша айып тағылды. Сотта ол жолақыны 2 мың теңге төлегісі келгенін, қалған 680 теңгені таңертең жіберетінін, ал таксист оны битамен ұрған соң амалсыз қашып кеткенін айтқан. Алайда бұл дерек расталмады, жүргізушіден де бита табылған жоқ.

Сот ер адамды алты айға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырды.