Ортаға от салған көп болды: «Қойшы бала» Жігер Ауыпбаевтан неге кетті?
«Қойшы бала» атымен танылған жас әнші Айдос Кәден бұрынғы продюсері Жігер Ауыпбаевпен арадағы қарым-қатынасына қатысты ойын ашық жеткізді.
Әнші Massaget.kz-тің Kezdesu YouTube арнасына берген сұхбатында өзіне түрлі адамдардың ықпал еткенін, сол әсердің кесірінен дұрыс шешім қабылдай алмағанын айтты. Айдос бұл жағдайға өкінетінін жасырмады.
Ол сұхбат барысында:
«Негізі кешірмейтіндей, қатігез, біреуге кек сақтап жүретін адам емес. Білемін ғой… Жігерден кетуге азғырғандар болды. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Өнердегісі бар, туысқандарым бар. Туысқандарымнан бөлек, ортаға от салғандар көп болды. Мен ондаймен сыналып көрмегенмін, бірінші рет сыналдым, оны жеңіп шыға алмадым. Соған өкінемін», – деді.
Журналист қойған «Қатеңді түсінген уақытта Жігер Ауыпбаевқа қайта неге бармадың?» деген сұраққа Айдос өзін де жиі мазалайтын мәселе екенін атап өтті.
Әншінің жауабы:
«Өзіме де ол сұрақты көп қоямын. Не үшін екенін білмеймін. Қазір де ренжулі шығар. Бірақ білмеймін, бара алмаймын. Ниеттенемін, бара алмаймын. Бұл ол кісіні жек көргеннен емес», – деді ол.