«Қош бол, періште ана»: Нұрғали Нүсіпжановтың енесі қайтыс болды
Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов енесінің дүниеден өткені туралы қаралы хабарды көпшілікпен бөлісті.
Өнер иесі қара жамылғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жақын жанын еске алған әсерлі жолдауын жариялады.
Нүсіпжанов марқұмды ерекше құрметпен еске алып, оның өз өміріндегі орны бөлек болғанын айтты. Әнші жүрекжарды қоштасуында былай деп жазды:
«Хош болыңыз, періште ана… Жасым ұлғайып, ауру меңдегенде жаныма жалау болар жан іздедім. Мөлдір жүрегіңізбен мені қабылдадыңыз. Ақ-адал жүрегіңіздің алдында басымды жерге жеткенше идім, әзіз ана… Сан мың тағзым сізге», – деді ол.
Ол сондай-ақ енесімен алғаш кездескен күнді де тебірене отырып еске алды:
«Ең алғаш кездескеннен-ақ ерекше құрмет көрсеттіңіз. Мұңымды тыңдадыңыз, жаныңыз ауырып тұрса да жүрегіңіздің бір бөлшегін сыйладыңыз. Бақи дүниеден Фәни дүниеге аттанғанша Алланың жолында болдыңыз. Орныңыз ойсырап қалды, жан ана…», – деп жазды әнші.
Өнер иесі марқұмның иманды, ибалы, ықыласты жан болғанын және отбасы үшін аса қадірлі адам болып келгенін атап өтті. Қоштасу жазбасында ол енесінің намаз оқуына, көркем мінезіне, отбасына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталды:
«Жадыраңызға қарасам жүрегім ауырады. Жайнамазыңыз бен тәспіңізді сипап қоямыз. Орныңыз ойсырап қалды-ау, абзал ана…», – деді Нүсіпжанов.
Айта кетейік, Нұрғали Нүсіпжанов 2019 жылы өзінен 45 жас кіші журналист Жадыра Сейдешке шаңырақ көтерген болатын.