Тоқаев жиында Жаңа ата заң туралы айтты
28 қарашада Астанадағы ауыл әкімдерінің жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция туралы айтты.
Жаңа Ата заң
«Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата заңға дауыс беретін болады деп айтсақ қателеспейміз», – деді президент.
Тоқаев елдегі арандатушылар туралы айтқан. Бірақ ол арқылы кімді меңзегенін айтпады және нақты адамдардың аты-жөнін атамады.
«Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бір палаталы жаңа парламентте президент квотасы болмайды.
Еске салсақ, Президент биылғы халыққа жолдауында бір палаталы парламент құруды ұсынып, 2027 жылы Конституцияға енгізілетін тиісті өзгерістерді жалпыұлттық референдумға шығаруды айтқан еді.