Жаңалықтар

Дастарханға көп тамақ қоюға болмайды: ҚМДБ жаназа және құдайы ас мәзірін бекітті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа асында орын алып жүрген шамадан тыс шығындарды азайту мақсатында арнайы тәртіп енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, жаназа немесе құдайы ас кезінде дастарханға салаттар, торттар, бәліштер, түрлі жемістер секілді молшылықты білдіретін тағамдарды қоюға енді рұқсат берілмейді.

Бекітілген мәзір бар болғаны алты негізгі өнімнен тұрады:
– нан өнімдері: бауырсақ пен шелпек;
– сусындар: шай және су;
– негізгі ыстық тағам: ет не палау.

Қосымша ретінде сары май, талқан, тары, қант пен кәмпит ұсынылады. Бұдан басқа тәттілер мен күрделі салаттар тізімге кірмей қалған.

Имам Өмірзақ Бекқожа исламда ысырапшылдыққа қатаң тыйым салынатынын еске салды. Оның айтуынша, аза үстінде басты мақсат — қарапайым да қаракеттен ада ас беру, бәсеке көрсету емес.

«Бұл құжаттың мазмұнын халыққа түсіндіру — әр имамның міндеті. Жаңа талап жаназа дастарханын реттеп, біріздендіреді деген сенім бар», — деді ол.

Қазіргі таңда бұл тәртіп Арқалық өңірінде, Павлодар мен Абай облыстарында, сондай-ақ Жезқазғанда қолданылып жатыр. Дін мамандары қаралы отбасының дастарханы сән-салтанатқа емес, сабыр мен құрметке бағытталуы керегін айтады. Ал тым мол әрі сәулетті көрініс азаның мән-мағынасын бұзады.