Елорда

Елордада құрылыс қауіпсіздігі мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту талқыланды

Астанада құрылыс саласындағы заңдылықты сақтау және инженерлік инфрақұрылымның қауіпсіз дамуын қамтамасыз ету мақсатында кезекті жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шара қала әкімдігінің ресми алаңында ұйымдастырылып, оған қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нүркенов, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшылығы, прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері, Еңбек инспекциясы комитетінің мамандары және ірі құрылыс компанияларының жетекшілері қатысты.

Жиында елордадағы өңірлік даму қарқыны мен құрылыс саласының қазіргі ахуалы талқыланып, саладағы негізгі проблемалар мен оларды шешу жолдары жан-жақты қаралды. Құрылыс көлемі жыл сайын артып келе жатқан Астанада заңсыз нысандардың көбеюі, рұқсатсыз құрылыс жүргізу, жобалық және техникалық талаптардың сақталмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы қала аумағында 576 жоспардан тыс тексеру жүргізген, нәтижесінде 308 міндетті нұсқама беріліп, нормаларды бұзған мердігерлерге 764 әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 308 млн теңгеден асып отыр. Бұл – құрылыс саласындағы бақылаудың күшейтіліп, заңсыз іс-әрекеттерге жол берілмей жатқанын көрсетеді.

Қала бойынша қазіргі уақытта 1263 құрылыс нысаны салынуда, оның 322-сі – көппәтерлі тұрғын үйлер. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жыл сайын жаңа коммуникациялар тартылып, сумен жабдықтау, жылу және электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен, заң талаптарын елемей, сапаны төмендетіп немесе нормаларды бұза отырып нысан тұрғызуға әрекет ететін құрылысшыларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. Тек 2025 жылдың өзінде сот шешімдері мен мемлекеттік бақылау нұсқамаларының негізінде 15 нысан бұзылған.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғани Тажиев бұзушылықтарға жол бермеу – елорданың қауіпсіз дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, әкімдік тарапынан құрылыс сапасына, жұмыстың қауіпсіздігіне және қала құрылысы нормаларының орындалуына бақылау күшейтілген.

Сонымен қатар жиында тұрғын үй нарығындағы тәртіп орнату, азаматтардың құқықтарын қорғау және үлескерлердің заңсыз тартылуына жол бермеу мәселесі қозғалды. ҚР Президентінің тапсырмалары аясында үлескерлердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін «Тұрғын үй құрылысында үлескерлердің қатысуы туралы» заңға өзгерістер енгізілген. Жаңа нормаларға сәйкес, заңсыз сату әрекеттері үшін 1000–2000 АЕК көлеміндеайыппұл қарастырылған, бұл шамамен 7,8 млн теңгеден жоғары.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті органдарға құрылыс саласындағы бақылауды күшейту, инженерлік инфрақұрылымның сапасын арттыру, құрылыс компанияларымен жүйелі жұмыс жүргізуді жолға қою, сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын кеңейту тапсырылды.

Елорда әкімдігі бұдан әрі де өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қауіпсіз әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру және құрылыс саласының ашықтығын арттыру бағытында кешенді шараларды жалғастыратын болады.