Елорда

Астанада балалар арасында «Заң және тәртіп» тақырыбындағы сурет байқауы өтті

Астанада 5–7 сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Бала көзімен — заң және тәртіп» атты қалалық сурет байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа құқықтық мәдениетті түсіндіру, заңға құрметпен қарау және қоғамдағы тәртіптің маңызын шығармашылық арқылы жеткізу, деп хабарлайды newsroom.kz.

Шараны қалалық прокуратура мен әкімдік бірлесіп ұйымдастырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалардың сурет арқылы заңды түсіндіруі – олардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ерте жастан жауапкершілікке баулиды. Қатысушылар өз жұмыстарында күнделікті өмірдегі тәртіп, полицияның қызметі, қауіпсіздік ережелері және құқық бұзушылықтың алдын алу секілді түрлі әлеуметтік тақырыптарды көтерген.

Байқау жұмыстары ЮНЕСКО клубы — Балалар көркемсурет мектебінің тәжірибелі педагогтары мен мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Сарапшылар туындыларды идеяның ашылуы, көркемдік шеберлік, мазмұн тереңдігі және тақырыпты жеткізу дәлдігі бойынша саралады.

Финалға 22 үздік жұмыс іріктеліп алынды. Жеңімпаз атанған оқушылар дипломдармен, алғысхаттармен және арнайы естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік деп танылған жұмыстарды алдағы уақытта қаладағы қоғамдық орындарға, мәдени орталықтарға және мектептерге орналастыру жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар бұл бастама балалардың еңбегін көпшілікке танытып қана қоймай, тұрғындарды да заңды сақтау мәдениетіне ынталандырады деп сенеді.

Қоғамдық тәртіп, заңға бағыну, жауапкершілік секілді құндылықтарды бала жастан сіңіру – қауіпсіз және дамыған қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы. Аталған байқау осы бағыттағы игі бастамалардың бірі болып отыр.