Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» қорын тексерді: 122 млрд теңгеден астам қаржы тиімсіз жұмсалған

Жоғарғы аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес компанияларына, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» пен Samruk-Kazyna Ondeu-ге кешенді аудит жүргізді.

Тексеру қорытындысы бойынша 351,8 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары, 122,2 млрд теңгенің тиімсіз шығындары және 119 жүйелі кемшілік анықталды. Бірқатар материалдар әкімшілік іс қозғау үшін жолданса, кейбір деректер құқық қорғау органдарына берілді.

Аудит қордың құрамындағы 18 заңды тұлғаны қамтыды. 2024 жылы топтың жиынтық табысы 16,5 трлн теңгені, ал таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құраған. Мемлекетке 2,37 трлн теңге аударылған. Соған қарамастан, стратегиялық жоспарлау мен корпоративтік басқаруда бірқатар мәселелер анықталды: 2018–2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасының нақты экономикалық әсері 300 млрд теңге орнына 154,5 млрд теңге ғана болған. Сонымен қатар директорлар кеңесі мен басқарма жанындағы кей комитеттер толыққанды жұмыс істемейді, ал қордың 326 компаниясының 41-і жылды шығынмен аяқтаған.

Аудиторлар инвестициялық жобаларды іске асыруды бақылауды күшейтуді және активтер құрылымын оңтайландыруды қажет деп тапты. Өйткені 2020 жылдан 2024 жылдың қыркүйегіне дейінгі 175 жобаның тек 49-ы ғана аяқталған. Сондай-ақ басқарушылық есепті жетілдіру және ішкі нормативтік құжаттарды толық көлемде пайдалану керектігі атап өтілді.