Қазақ инженерінің дроны АҚШ-та үздік атанды
Вашингтонда өткен Drone Dominance Innovation Challenge инновациялық байқауында шығысқазақстандық Ерлан Әлімхановтың көпфункциялы дроны алғаш рет ұсынылып, топ-10 финалистің қатарына енді.
Екі жыл бойы жасалған «MEGADRONE360» дроны АҚШ-та құрастырылған. Жобаға 200-ден астам америкалық компания қатысқанымен, қазақстандық инженердің туындысы финалға өтуді жеңіп алған.
Дронның басты ерекшелігі — модульді құрылымы және 360 градусқа айналатын платформасы. Осы технология дронды әскери мақсатта да, азаматтық салаларда да тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Құрылғы төтенше жағдайларда қолдануға ыңғайлы модульдермен жабдықталады:
• зардап шеккендерді эвакуациялау;
• айналмалы прожектор ретінде пайдалану;
• дәрі-дәрмек пен жүк жеткізу;
• өрт сөндіру жұмыстары (порошок шашатын модульдермен).
Сонымен қатар дрон ойын-сауық саласында да қолданылуы мүмкін — фейерверк ұшыруға немесе ауыр видеокамераларды көтеруге қабілетті.
Қазір инженер дронның мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр:
• мобильді күн электр станциясы;
• жермен қозғалатын роботтық режим.
Ерлан Әлімханов бұл жетістікті Қазақстан үшін маңызды белес деп бағалады:
«Біздің компанияның топ-10 финалистке кіруі — тек менің емес, бүкіл Қазақстанның жетістігі. Америкалықтарға Қазақстанда да жоғары технологиялар дамып жатқанын көрсеткім келді. Бұл жастарға үлкен мотивация болады», — деді ол.
Ерлан Әлімханов ШҚО Лениногорск қаласында дүниеге келген, өмірінің көп бөлігін Алматыда өткізген. Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, кәсібін өндірістік дизайнға арнаған.
2021 жылы таланттар визасы (EB-1A) арқылы АҚШ-қа қоныс аударып, бүгінде Калифорния штатының Фримонт қаласында тұрады және 3D-дизайнер болып жұмыс істейді.