Жаңалықтар

293 млрд теңгеге қоқыс өртейтін және өңдейтін зауыттар салынады

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевқалдықтарды басқару саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.  

Ол өткен жылы утиль алымдар, яғни «Жасыл даму» акционерлік қоғамының есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру механизмі іске қосылып, 60 жоба мақұлданғанын хабарлады. Оның ішінде 89,4 млрд теңгеге 22 жобаға қаржыландырылды. Ал көзделген қаражаттың жалпы көлемі – 185 млрд теңге.

Мақұлданған 60 жобаның ішінде 92 бірлік қоқыс таситын көлік сатып алуға бағытталған 8 жоба, сұрыптау бойынша жылдық қуаты 2,3 млн тоннаны құрайтын 19 жоба, қайта өңдеу бойынша жылдық қуаты 920 мың тоннаны құрайтын 33 жоба қарастырылған.

«Бұл жобаларды іске асыру қалдықты қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл – Жасыл даму қаражатының экологиялық саланы дамытуға үлес қосып жатқанын айқындайтын бағыттардың бірі», — деп атап өтті Жомарт Әлиев.

Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында толықтай шетелдік инвестициялар есебінен 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл инвесторлармен тиісті келісімдерге қол қойылған. Инвестициялардың жалпы көлемі – 293 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 2 жыл.

Сондай-ақ Қазақстанда Қалдықтың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі, алайда оның тек 25–26%-і ғана қайта өңделеді. Қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі. 

Тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40%-ін құрайды, бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ.

Тағы бір маңызды шара – қалдықты бір реттік заңдастыру, яғни легализациялау, бұл қалдық иелеріне есепте жазылмаған нақты жиналған көлемді айыппұлсыз есепке алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық қалдықтардың нақты сипаты анықталып, олардың пайдалы фракциялары айқындалып, қайталама айналымға тарту мүмкіндігі пайда болады.