Жаңалықтар

Рудный тұрғыны көше атауын қазақшалауға қарсы шықты. Ол жазалана ма?

Рудный қаласында көше атауларын қазақшалау мәселесі талқыланған қоғамдық тыңдауда бір тұрғынның дөрекі сөйлеуі әкімшілік жазаға әкелді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қалалық мәслихат өткізген жиында Екатерина Коршагина сөз алып, көше атауларын өзгерту жөніндегі бастамаға қарсы екенін жеткізді. Оның айтуынша, қалада шешімін таппаған мәселелер көп, сондықтан әкімдік күшті көше атауларын жаңартуға емес, өзекті проблемаларға жұмсауы керек.

Регламентті сақтау туралы ескерту алған Коршагина эмоцияға беріліп, жиналғандар алдында "регламенттеріңе түкіргенім бар" дегендей бейәдеп сөздер айтқан.

Жиыннан кейін мәслихат төрағасы полицияға жүгініп, тұрғынның әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған. Полиция «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, сот Коршагинаға 20 АЕК — 78,6 мың теңге айыппұл салды. Полиция департаменті өкілдері оның қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айтып, тәртіпті бұзғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Рудныйда көше атауын қазақшалау талқысында даулы сәттер болған. Мәслихат отырысында депутаттардың басым бөлігі 50 лет Октября көшесін — Достық, ал Иван Франко көшесін — Әлия Молдағұлова атына өзгерту шешімін қолдаған.

Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп те тарихи атауларды қайтару кезінде қоғамдық тыңдау өткізу шарт емес екенін айтқан. Депутат Еркін Әбіл бұл пікірді қолдап, тыңдау орнына сараптамалық талқылау өткізуді ұсынған.