Ашық Wi-Fi-да банк қосымшаларын ашпаңыз — ҚНРДА ескертті
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дербес деректердің жоғалуы оларды үшінші тұлғалардың заңсыз пайдалануына алып келуі мүмкін екенін ескертті. Ведомствоның мәліметінше, киберқылмыскерлер банктік шоттарға және жеке ақпаратқа қол жеткізу үшін фишингті қоса алғанда, түрлі әдістерді қолданады.
"Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін қарапайым цифрлық гигиена ережелерін ұстану қажет. Құжаттардың көшірмелерін жібермеңіз, банк картасының толық деректерін, әсіресе CVV-кодты, SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге ашпаңыз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және тексерілмеген көздерден қолданба орнатпаңыз", – делінген хабарламада.
Агенттік құрылғыларды тұрақты түрде тексеруге кеңес береді: антивирусты жаңарту, спам мен күмәнді хаттарды жою, қажетсіз жіберушілерді бұғаттау, кэшті тазалау. Қауіп-қатерді азайту үшін артық сервистер мен таратылымдардан бас тарту да маңызды.
"Әртүрлі аккаунттар үшін бір құпиясөзді қолданбаңыз. Күрделі құпиясөз кемінде 10 таңбадан тұруы керек: әртүрлі әріптер, сандар және арнайы символдар. Ең бастысы — ашық Wi-Fi желілері арқылы интернет-банкингке кірмеңіз. Олар жиі қауіпті болады. Өздерін банк, әлеуметтік қызмет немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырса да, бөгде адамдарға жеке деректерді ешқашан бермеңіз", – деп ескертті агенттік.