Алматы туризміне серпін: 200 гидті даярлау курстары өткізіліп жатыр
Алматы қаласының Туризм басқармасы гидтер мен экскурсоводтар үшін кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған оқыту курстарын өткізуде. Бағдарлама туристік қызмет сапасын көтеру және қаланың сервистік деңгейін жақсарту мақсатында жасалған.
Оқыту 17 қарашадан 12 желтоқсанға дейін өтуде және 200 қатысушыға арналған. Курстар қатысушыларға қазіргі заманғы талаптарға сай кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында қатысушылар экскурсиялық қызмет стандарттарын меңгеріп, туристік маршруттарды әзірлеу әдістемесін үйренеді. Сондай-ақ, Алматының мәдени және тарихи мұрасын зерттеп, шетелдік туристермен және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеу дағдыларын дамытады.
Курс шеңберінде мамандар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісуде. Негізгі спикер — Цзэн Чжиго, Guilin туризм университетінің (ҚХР) оқытушысы. Халықаралық туризм, протоколдық қызмет көрсету және гидтерді даярлау саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар маманмәдениетаралық коммуникация, халықаралық этикет және экскурсиялық жұмыстардың заманауи әдістері бойынша сабақ жүргізеді. Оқыту аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.
Биылғы жылы Mastercard мәліметіне сәйкес, туристердің қанағаттану деңгейі 75,08%-ті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 пункттік өсімді көрсетті. Бұл мегаполистегі қызмет сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың өзектілігін растайды. Аталмыш курстар туристерге ұсынылатын қызметті едәуір жақсартып, туристік ағынның өсуіне оң әсер етеді.