Аймақтар

Түркістанда кәсіпкерлік нысандардағы заңсыз жарнамаларға қарсы рейд жүргізілуде

Түркістан қаласы әкімдігі заңсыз орналастырылған жарнамаларды анықтау және кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін талапқа сай ету мақсатында жоспарлы рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Рейдке Сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Бизнесті қолдау және туризм бөлімі бірлесіп қатысып, қала аумағында рұқсатсыз орнатылған жарнамаларды тексеріп, ретсіз сауданы болдырмауға бағытталған шараларды жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мекемесі тіл нормаларының сақталуын қадағалап, маңдайшалар мен ақпараттық белгілердегі мәтіндердің эстетикалық және тілдік талаптарға сәйкестігін бақылауда.

Рейд барысында сыртқы жарнамалардың орнатылу тәртібі, рұқсат құжаттарының бар-жоғы, сауда нүктелерінің тек арнайы белгіленген аймақтарда қызмет етуі мұқият тексерілуде.

Аталған іс-шаралар Түркістан қаласының 2025 жылы бекітілген дизайн-кодын іске асыру шеңберінде жүргізілуде. Бұл код қаланың ғимарат қасбеттері, жарнамалық құрылымдар, шағын архитектуралық формалар және абаттандыру элементтерінің біртұтас стильде орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.