Шымкенттің қақ ортасында жасөспірімдерге қарулы шабуыл жасалған
Шымкенттің дәл ортасында бірнеше жасөспірімге шабуыл жасалды деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Facebook қолданушысы Шакиржан Махаматалиев жазды.
Оның айтуынша, төрт адам жасөспірімдерді таксиден сүйреп шығарып, соққыға жыққан, тіпті қару қолданғаны, оқ атқаны айтылуда.
«Нәтижесінде — беттері қан-жоса, мұрын сүйегі қатты зақымданған, ауыр күйзеліс. Бұл оқиға күндіз, қала ортасында болды!
Шабуыл жасағандар мен балалар арасында ешқандай таныстық та, жанжал да болмаған. Бүгін — бейкүнә балалар, ал ертең кім?» — деп жазды ол.
Жазба авторы барлық күдіктінің ұсталғанына күмән барын, сондай-ақ полицейлердің шабуыл жасағандардың қолындағы қаруды «ойыншық пистолет болуы мүмкін» деп айтқанын жеткізді.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты ресми пікір беретіндерін мәлімдеді.