Жаңалықтар

Қырғызстанды дүрліктірген операция: Атамбаевтың ұлы мен саясаткерлер СИЗО-ға қамалды

Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі бойынша ұсталғандардың бірқатарына бұлтартпау шарасы тағайындалды. 

Kaktus.media жазғандай, елдің  экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаев 2026 жылдың 17 қаңтарына дейін СИЗО-ға қамалды. Қорғау тарапы бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді — олардың апелляция беруге бес күні бар.

Осындай бұлтартпау шарасы «Социал-демократтар» партиясының мүшесі Ермек Ерматовқа және саясаткер Темірлан Сұлтанбековке де қолданылды.

Сонымен қатар бизнесмен Урмат Аскарбеков (Барықтабасов) екі айға қамауға жіберілгені белгілі болды.

Істің өзге фигуранттарына қатысты қандай шара қолданылғаны әзірге жарияланған жоқ.

Бұған дейін Қырғызстан ІІМ жаппай тәртіпсіздік дайындады деп күдікке іліккен топтың әрекетін тоқтатқанын хабарлаған. Министрліктің мәліметінше, топ құрамында саясаткерлер, экс-депутаттар, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер және күштік құрылымдардың қызметкерлері болған. Олар өз жақтастарын, соның ішінде қылмыстық топтар мен спорттық қауымдастықтардың өкілдерін тартып, сайлау қорытындысынан кейін ел бойынша ауқымды митингілер ұйымдастыруды көздеген.

ІІМ мәліметінде, күдіктілер елдің оңтүстігінен бастап Бішкек пен аймақтарда бірқатар митинг өткізіп, «қоғамдық наразылықтың кең тарағанын» көрсетуге тырысқаны айтылған. Сондай-ақ олардың жоспарына антиконституциялық әрекеттер, әкімшілік ғимараттарды, телеарналарды, күштік құрылымдардың нысандарын, қару-жарақ қоймаларын және пенитенциарлық мекемелерді басып алу әрекеттері кірген.

Тергеу мәліметінше, топтың анық иерархиясы болған:

  • «координациялық топтар» саяси талаптарды жариялауы тиіс болса,
  • қылмыстық құрылымдар күштік қолдауды қамтамасыз етуі керек болған.

Кейбір қатысушылар алдын ала «болашақ лауазымдарды» өзара бөлісіп алған.

Айта кетейік, 22 қараша күні Қырғызстанда бір мезетте бірнеше саясаткерге, олардың жақындарына және медиа тұлғаларға қатысты тінту, ұстау және тергеу шаралары жүргізілген. Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды.