Қылмыс

«Іле-Балқаш» резерваты аумағында браконьерлер 13 қоянды атып кеткен

22 қарашада мемлекеттік инспекторлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында заңсыз аңшылық дерегін анықтады. Олар Алматы қаласы мен Алматы облысының екі тұрғынын ұстаған. Бұл ақпаратты ҚР Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті растады.

Тексеру барысында күдіктілердің Mitsubishi Pajero маркалы көлікпен қорық аумағына кіріп, рұқсатсыз аң аулағаны белгілі болды. Автокөліктен қол шамы, 12 калибрлі аңшы мылтығы және оқпен атылған 13 қоян табылған.

Комитеттің мәліметінше, аталған факті Балқаш аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 337-бабының 4-бөлігі («заңсыз аңшылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала есеп бойынша, жануарлар дүниесіне келтірілген залал — 766 740 теңге.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, сондай-ақ жеті жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.